Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Қобыланды — ұлы батырлардың бірі

Қобда ауданының Жиренқопа ауылында Қобыланды батырға арналған тарихи мемориалды кешеннің ашылғанына биыл 15 жыл толады. Қарақыпшақ Қобыланды батырға арнап жаңа кесене тұрғызылғаннан кейін, 2007 жылғы 7-8 қыркүйекте Жиренқопада тағзым мен тағылым тоғысқан үлкен той өткен еді.

Осыған орай 20-22 мамыр күндері облыста аталған мемориалды кешенді қамтитын туристік бағыттың таныстырылымын өткізу, Жиренқопада Қобыланды батыр рухына арнап ас беру және басқа да шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл шаралар Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қоғамдық қордың мұрындық болуымен өтеді.

Қазақ батырларының атасы

Ақтөбе жерінде өткен Есет Көкіұлының туғанына 325 жыл толуына, Әлия Молдағұлованың туғанына 80 жыл толуына арналған тойлар, Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы, басқа да осындай ірі шаралардың басты мақсаты — отарлық дәуірде тамырынан ажырап, барынша «жұқартылған», тіпті мемлекеттілігіміздің өзін «үлкен күмәнға» айналдырған, көп бұрмаланған тарихымызды түгендеу, сол арқылы бабалар рухымен қайта қауышу еді.

Кеңестік заманда қазақтың арғы тарихын батырлықпен, ерлікпен сипаттауға тыйым салынды. Қазан төңкерісінен әрідегі замандарды ешқашан еңсе тіктеп көрмеген құлдықпен, қараңғылықпен байланыстырып, тек күңіренген зармен ғана еске алуға болатын еді. Ал қазақтың бас батыры ретінде алға тартылған тұлға — Амангелді Иманов (1873-1919 жж.) болды. 1944 жылдың 18 маусымында Амангелді Имановтың қаза тапқанына 25 жыл толуына байланысты Қазақстанның түкпір-түкпірінде көптеген шаралар ұйымдастырылды: еңбек жарыстары, спорттық сайыстар…  Дерекке сүйенсек, сол тұста Ақтөбе қаласының өзінде ғана Амангелді Имановты еске алуға арналған 80 шақты жиын өткен. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі болған Амангелді батырды кеңес билігі, әрине, ең алдымен төңкеріс жаршысы, большевиктердің жақтасы ретінде насихаттауға күш салды және осы мақсатпен оған қатысты кей деректің бұрмаланғаны да қазір айтылып жүр.

2007 жылы Қобыланды батыр кесенесінің қайта тұрғызылуына орай ұйымдастырылған шаралар кезінде мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Ендігі жерде қазақ батырларының тарихы Амангелдіден емес, Амангелдінің атасы Қобыландыдан басталады», — деген сөзінің астарында, міне, осындай сыр бар.

Көне деректің көмегі

Қазақтың «Қобыланды батыр» жырына, сондай-ақ Жиренқопа жеріндегі Қобыланды батыр кесенесіне де қатысты деректер кеңестік заманға дейінгі зерттеулерден-ақ табылады. Мысалы, Әлихан Бөкейханның «Қарақыпшақ Қобыланды батыр» атты көлемді мақаласы «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 126-129 сандарында жарық көрген, т.б. Ал кесене туралы деректерді Орынбор ғылыми архив комиссиясының мүшесі болған Жозеф-Антуан Кастанье өзінің «Древности киргизских степей и Оренбургского края» атты еңбегінде жазып қалдырған. Француз Кастанье 1899 жылдан бастап кеңес өкіметі орнағанға дейінгі аралықта Ресейде өмір сүріп, қазақ жерінің ескерткіштері туралы мағлұматтар жинады. Қобыланды батыр кесенесі туралы дерегінде ол мұндағы кірпіштердің Абат-Байтақ кесенесінің кірпіштерімен бірдей екенін жазады.

Жалпы, жырдың кейіпкерлеріне, ондағы оқиғалардың қай тарихи кезеңге жататынына, жер атауларына қатысты түрлі пікірлер, кей тұста пікірталастар әлі де жалғасып жатыр. Жырдағы оқиғалар оғыз-қыпшақ дәуірі, одан кейінгі Жошы Ұлысы мен Ноғайлы кезеңі, берідегі Қазақ хандығының құрылар тұсы секілді жаугершілік замандармен байланыстырылады. Тоқтамыс ханның (1342-1406 жж.) әскербасыларының, сондай-ақ Шайбан әулетінен шыққан Әбілқайыр ханның (1412-1468 жж.) әскербасыларының арасында да Қобыланды есімді тарихи тұлға болған.

Жер аттарына келсек, мысалы, тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаев Қазан аталатын жерді Ертіс бойында (Павлодар облысының Май ауданының аумағында) десе, зерттеуші Серікбол Қондыбай Шетпеден (Маңғыстау облысы) 90 шақырым қашықта жатқан Қызан деген ауылмен байланыстырады, т.с.с. Сонымен қатар жырда кездесетін көптеген жер атауларының Ақтөбе топырағында қазірге дейін сақталып келгені де белгілі. Кезінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те Елек қорғанынан Ойылға қарай жүретін жолдың бойында Қобыланды аталатын бекет бар екенін, сол жердің қазақтары Қобыланды туралы көнеден қалған аңыз-әңгімені, соның ішінде бейітінің де осында екенін айтатынын жазған.

Жалғасын тапқан арман

Өткен ғасырдың 60-жылдарының ішінде қазақ зиялылары Алматыда, яғни сол кездегі республика астанасында «Бабалар аллеясын» ашып, оған бұрынғы даңқты батырлардың мүрдесін қоймақшы болады. Осы үшін антрополог Ноэль Шаяхметовтің жетекшілігімен Жиренқопадағы кесенеден батырдың сүйегі қазып алынған. Бірақ «Батырлар аллеясын» ашу туралы бастама қолдау таппақ түгіл, Ноэль Шаяхметовтің Қазақстаннан қуылуымен тынған. Қазақтың тарихын Амангелді батырдан әрі апармауға мүдделі кеңестік биліктің үстемдігі тұсында бұл әңгімені қайта қозғауға ешкімнің дәті де бармаған. Қазып алынып, қораппен Алматыға әкетілген сүйектің тағдыры белгісіз қалған…

Тек 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында бұл мәселе қайта қозғалып, үзілген арман, нақ сол бастама түрінде болмағанмен, қайта жалғасын тапты. 2005 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Еркін Құрманбеков Мәскеуге арнайылап барып, Ноэль Шаяхметовпен кездесті. Антрополог өзінің Жиренқопада қазба жұмыстарын жүргізгенін, Қобыланды батырдың бейітін анықтауда жергілікті ақсақалдардың сөзіне сүйенгенін, бірақ түрлі себептермен зерттеу жұмыстарын жалғастыра алмағанын, ал сүйекті Тарих институтына апарып тапсырғанын жазып, хат табыстаған. Хаттың жазылып, қол қойылған мерзімі — 2005 жылғы 4 сәуір.

Сол жылғы 22 сәуірде облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Мәдени мұраны сақтау, қорғаудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтіп, оған белгілі ғалым, 1969 жылдың қыркүйегінде Ноэль Шаяхметовпен бірге Жиренқопадағы қазба жұмыстарының басы-қасында болған Сайым Балмұқанов қатысып, осы мәселені түбегейлі зерттеу және көпке созбай, Қобыланды батырдың мавзолейін салу керектігін айтты. Бұл — көптің көкейінде жүрген ой еді. Жиын қорытындысында Қобыланды батырдың тұлғасын анықтау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және оның кесенесін қайта тұрғызу мақсатында қоғамдық қор құру туралы шешім қабылданды. Тарихи-археологиялық, тарихи-этнографиялық және фольклорлық тұрғыдан зерттеу жұмыстарын жүргізу Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ғалымдарына, ал қазып алынған сүйектерді зерттеу ҚР Орталық мемлекеттік музейінің антропологиялық зертханасына тапсырылды. Бас сүйекті антропологтар — Оразақ Исмағұлов пен оның қызы Айнагүл Исмағұлова зерттеді. Зерттеуден кейін, бас сүйек Мәскеудегі Герасимов зертханасында қалпына келтіріліп, осы бойынша жасалған Қобыланды батыр мүсіні 2006 жылдың мамыр айында облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.

Сол жылдың тамыз айында батырдың сонау 1969 жылы қазып алынған сүйегі өзінің алғаш жер қойнына берілген ақиреттік мекеніне қайта жерленді.

2007 жылғы қыркүйектің шуақты күндерінде Жиренқопада Қобыланды батырға арналған мемориалды кешеннің тұсаукесері үлкен салтанатпен өтті. Кешеннің жобасын сәулетші Бек Ибраев жасады. Кешен құрамына мавзолей, Даңқ залы және кесенеге барар жолдың екі жағында «сапқа тізіле» тұрған белгітастар кіреді. Мавзолей дулыға пішіндес етіп тұрғызылған. Биіктігі — 17,5 метр, ені 12 метр болады. Оның есігіне Құран аяттары жазылған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ескі кесененің бұрыштары әйнекпен жабылып, көне заманның құнды жәдігері ретінде сақталды. Кесенеге кірер есіктің сол жағына «Қобыландының қайрақтасы» аталған тас қойылды.

Қобыланды батырдың сүйегін қайта жер қойнына тапсыру рәсімі кезінде қойылған белгітас та кешен аумағында сақтаулы.  Даңқ залындағы музейде көне түркі мемлекеттерінің, Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасының тарихынан мағлұматтар жинақталған. Сондай-ақ «Қобыланды батыр» жырының бүгінге жеткен 29 нұсқасы бар болса, соның 12-сінің көшірмесі осы жерден табылады.

Кешеннің ашылуына орай Жиренқопада өткен салтанатты шараларға ақтөбеліктермен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көрші елдерден келген қонақтар қатысты. Олардың арасында көптеген белгілі ғалымдар, өнер адамдары, тарих тақырыбын жазып жүрген қаламгерлер, т.б. болды. Жалпы, жұрт өте көп жиналып, Жиренқопа ауылы жанындағы жазыққа 300-ден астам ақшаңқан үй тігілді.

«Батыр — ел қорғаны» атты сахналық қойылымның өзіне 2,3 мың адам қатысты. Олар — Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артистері, мәдениет саласының қызметкерлері, Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында, колледждерде, кәсіптік-техникалық лицейлер мен мектептерде оқитын жастар мен оқушылар. Қойылым сценарийін белгілі журналист Ұзақбай Қауысов жазып, режиссер Мағзұм Бақытжанов сахналады, ал батырлар асынған қарулар қолөнер шебері Ерқосай Әбіловтің жетекшілігімен әзірленді. Оның ішінде 200-ге жуық қаруды шебердің өзі дайындады. Аламан бәйгеде бас жүлдеге «Джип» автокөлігі берілді. Аламан бәйге, тоқ бәйге, басқа да ат жарыстарына еліміздің барлық өңірлерінен әкелген тұлпарлар жарысты.

Кезінде бұл оқиға еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы тарихының жарқын беттерінің бірі, Абайдың 150 жылдық тойынан (1995 жыл) кейінгі ірі мереке ретінде аталды.

Жылына 5 мың турист

Кесене құрылысын жүргізгенде, екінші жағынан, елімізде 2003 жылы қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес, ғасырлар бойы халқымыз қастер тұтып келген осындай киелі орындар арқылы туризм саласын, әсіресе ішкі туризмді дамыту мақсаты да көзделді. Деректер бойынша бүгінде, орта есеппен, мұнда жылына 5 мың турист келеді екен. Дегенмен бұл аз және олардың көпшілігі — ақтөбелік тұрғындар.

Бұл жерді үлкен туристік орталыққа айналдыру үшін насихаттау, жарнамалау жұмыстарын қарқынды жүргізу керек. Мысалы, 2015 жылы жамбылдық ардагер журналист Бектұрған Жамбабаев kazgazeta.kz сайтына былай деп жазыпты: «Ақтөбе қаласында қызметте жүрген ұлымның үйінде, кітап сөрелерінен «Ақтөбе облысының мәдениеті мен өнері» деген кітапты алып, парақтап танысып отырған едім. Бір кезде «Қобыланды батыр мемориалды кешені» деген тақырып… көзіме оттай басылды. Алғашқы сөйлемі «2007 жылы 7-8 қыркүйек күндері Қобда ауданы Жиренқопа ауылында ұлтымыздың бас батыры, түгел түркі әлемі тәу еткен тұлға — Қарақыпшақ Қобыланды батырға арнап тұрғызылған кесененің тұсаукесер рәсімі өтті», — деп жазылған.

Иә, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімізде, яғни 1962-1965 жылдары хат танымайтын ата-анамыз біздерге осы «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» секілді эпос, жыр-дастандарды көзіміз талғанша оқытушы еді…

Шындығын айтқанда, менің замандастарым және сауаты бар жасы үлкен ағаларымыз да Қобыланды батырды аңыз адам деп қабылдап келгенімізді жасыра алмаймыз.

Сонымен, кешқұрым қызметінен келген ұлым Дабылбектен Қобыланды батырдың зиратына апарып келуін өтіндім… «Жақсыны көрмекке» дегендей, екі мың шақырымға жуықтайтын жерден келіп тұрып, 200 шақырымдағы Қобыланды батырдың күмбезіне бармай кетуді өзімше қасиетсіздік деп есептеп, қазақтың бас батыры атанған аруақты бабаның басында дұға оқып қайтқаныма қуандым».

Байқағанымыздай, Қобыланды батырдың жерленген орны туралы дерек әлі де кең насихатталмай жатыр. Оны білмейтіндер көп. Ал білсе, жоғарыдағы жолдардың авторы секілді, Жиренқопаны бетке алып шығуға әзір жандар аз болмас деп жорамалдаймыз.

Қобыланды рухына арнап ас беріледі

Мақаланың басында айтылған алдағы 20-22 мамыр күндеріне жоспарланған шаралардың бір мақсаты да осы мемориалды кешенді кең түрде насихаттау. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қоғамдық қордың облыстық филиалының басшысы Сұлтанбек Тәшкенбай:

— Жиренқопадағы мемориалды кешеннің үлкен туристік орталыққа айналуына, бір жағынан, жолдың нашарлығы да кесірін тигізіп келген еді. Ақтөбе мен Жиренқопаның арасындағы 200 шақырым жолдың жартысы бұрын асфальт төселмеген, ойдым-ойдым жол болатын. Енді бұл жол салынды. Кәсіпкер, белгілі меценат Серікжан Сейітжановтың демеушілігімен мұнда қонақүй де ашылды. Жергілікті халық өткен 15 жылдың ішінде келімді-кетімді қонақтарға үйренді. Осы жерде құрбан шалып, Құран оқытамын деушілер болса деп, соятын малын әзірлеп отыратын болды. Енді бұл жерде туризмді дамыту мәселесін түбегейлі қолға алатын мезгіл жетті. Сондықтан біз еліміздің басқа аймақтарынан, алыс-жақын шетелдерден қонақтар шақырып, осы туристік бағыттың таныстырылымын өткізсек деп отырмыз, — деді.

Ол әсіресе Ресейден келетін туристер қатарын көбейтуге болатынын айтты.

— Ресейдің Тұзтөбе өңірі Жиренқопамен шекаралас. Тұзтөбеге жыл сайын 2,5-3 миллионға жуық турист келеді екен. Ал екі араның қашықтығы 20 шақырымдай ғана. Ендеше, Тұзтөбеге келген сол туристердің 10 пайызы Қобда ауданына да соғып кететіндей жағдай жасай алсақ, бұдан тек ұтпаймыз ба? Жиренқопадан әрі Абат-Байтақ қорымы мен Әлия ауылы да бар. Бұл тарихи орындарға шетелдік қандастарымыз, түбі бір түркілер қатты қызығады, көргісі, білгісі келеді. Өткен жылдарда Қобыланды батыр тұлғасына қызығып, тіпті Америкадан да арнайылап келген туристер болды, — дейді Сұлтанбек Тәшкенбай.

Оның айтуынша, Ақтөбеде өткелі отырған шараларға көне түркілер ізімен әлемнің 140 елінде болған зерттеуші, саяхатшы Сапар Ысқақов, белгілі меценат, «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов, басқа да белгілі тұлғалар, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия елдерінен қонақтар шақырылған. Іс-шаралар аясында студент жастармен кездесулер, «Қобыланды оқулары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау, т.б. бар. Ал ең бастысы —  «Қазақтың хас батыры Қобыланды» атты жиын, бұл жиында Қобыланды рухына арнап ас беріледі.

— Біз қашанда бабалар рухын ерекше қастер тұтқан, өз тарихын құрметтеген халықпыз. Өткен жылдар, яғни коронавирус пандемиясы көпшілікке ауыр тиді. Осы ауыртпалықтардан кейін енді жаңа, жарқын кезең басталады деп үміттенеміз. Оның үстіне биыл Жиренқопадағы Қобыланды батырға арналған мемориалды кешеннің ашылғанына 15 жыл толады. Осыған байланысты 21 мамырда Жиренқопада Қобыланды бабамыздың рухына арнап ас беріледі. Сондай-ақ Жезқазған жағынан Есет Көкіұлының майдандас серігі әрі күйеубаласы Тілеулі батырдың ұрпақтары келеді. Тілеулі батыр өзінің өсиеті бойынша Есет батырдың жанына жерленген. 22 мамырда оның басына барып, рухына Құран оқылып, дұға бағышталмақ. Жалпы, Сағадат Нұрмағамбетов — 21 жасында ерлік жасап, Кеңес Одағының Батыры атанған адам, тәуелсіз еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі. Осындай тұлғаның есімін иеленіп отырғандықтан, біздің қор бабалардың асқақ рухын, ерлігін насихаттау ісін әрдайым басты назарда ұстайды. Алдағы шараларды ұйымдастыруда көзделген негізгі мақсат та осы, — деді  Сұлтанбек Тәшкенбай.

Ұлы дала — ұлы батырлар мекені. М.Әуезов айтқандай, «Қобыланды — қазақтың ұлы батырларының бірі». Ат үстінен түспей, ел мен жерді қорғаған батырлар рухына лайықты құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың парызы болса, көзделіп отырған шаралар сол парыздың бір өтеуі болмақ.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button